Бұл мақалада Қазақстандағы салықтық кеңес беру қызметтерінің қазіргі жағдайы, даму үрдістері және саланың стратегиялық бағыттары қарастырылады. Елдегі салық заңнамасының күрделенуі, халықаралық стандарттардың (әсіресе BEPS) енгізілуі және трансшекаралық экономикалық операциялардың артуы кәсіби салықтық кеңес беруге деген сұранысты күшейтіп отырғаны анықталады. Зерттеуде салық кеңесшілерінің қызметін құқықтық реттеудегі олқылықтар, біліктілік стандарттарының жеткіліксіздігі, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру тетігінің болмауы және клиенттердің сенім деңгейі сияқты негізгі мәселелер сипатталады.
Сонымен қатар, цифрлық технологияларды енгізу, кеңесшілердің біліктілігін арттыру, өзін өзі реттейтін ұйымдардың рөлін күшейту, халықаралық тәжірибені бейімдеу секілді стратегиялық даму бағыттары айқындалады. Мақалада мемлекетке, консалтингтік компанияларға және салық төлеушілерге арналған нақты ұсынымдар беріліп, салықтық кеңес беру жүйесін жетілдірудің Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңыздылығы баса көрсетіледі.
